Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьевқа жасалған қастандық ісі бойынша айыпталушылар оны уланған пицца арқылы өлтірмек болған. Бұл туралы істі қарап жатқан Екінші Батыс округтік әскери сотында айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сотта айыпталушы Андрей Пронскийдің үйінде жасалған аудиожазба тыңдалды. Жазбада Пронский серіктестеріне «Соловьевтың мекенжайын анықтап, оның Yandex Food арқылы берген тапсырысын ұстап алып, орнына уланған пицца жеткіземіз» деп жоспар айтқан.
Әңгімеде сондай-ақ оның көлігіне у жағу идеясы да талқыланған. Кейін бұл тәсілдер сенімсіз деп танылып, айыпталушылар тележүргізушінің автокөлігін жармақ болған.
Сотта Пронский жазба «монтаж» деп мәлімдеді. Ал Владимир Беляков Соловьевқа саяси өшпенділік сезінетінін, бірақ оны өлтіру ниеті болмағанын айтты.
Қазір сот алдында Андрей Пронский, Тимофей Мокий, Владимир Беляков, Владимир Степанов, Максим Дружинин, Андрей Волков және Денис Абраров тұр. Тағы бір күдікті Владимир Стрижаков есі дұрыс емес деп танылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілген.
Айыпталушыларға террористік ұйым қызметін ұйымдастыру, терроризмге шақыру, өшпенділік қоздыру, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз айналымда ұстау, мүлікті өртеу, теракт дайындау және кісі өлтіруге дайындалу баптары қойылған. Тергеу нұсқасы бойынша, қастандықты ұйымдастырушы — Пронский.