Ел болашағы – қосымша білімде: Үйірмелердің қазіргі жай-күйі

20 қазан, 2025 / Arasha.kz

Баланың білім деңгейі тек мектептегі оқу нәтижелерімен шектелмейтіні белгілі. Оның тұлғалық дамуы отбасындағы тәрбие, қоршаған ортамен қарым-қатынас, мәдени орындарда өткізетін уақыты және ең бастысы — әртүрлі үйірмелерге қатысуы арқылы қалыптасады. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 3,4 миллионға жуық бала қосымша білім беру ұйымдарына қатысады. Ауылдық жерлерде шамамен 12 мыңға жуық шығармашылық үйірме жұмыс істеп тұр.

Алайда қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтық әлі де өзекті мәселе болып келеді. Оның негізгі себептерінің бірі — ауыл мектептерінде білікті кадрлардың жетіспеуі. Сонымен қатар интернеттің әлсіздігі ауыл балаларының онлайн үйірмелерге қатысуына, қосымша білім алуына кедергі келтіреді. Яғни, білім беру ресурстарына тең қолжетімділік толық қамтамасыз етілмеген.

Елімізде өкінішке қарай, баланың қосымша білімге қатысу деңгейі арнайы зерттеліп, жан-жақты бағаланбайды. Білім сапасы тек мектеп бағдарламасы аясында өлшенеді, ал қосымша үйірмелердің бала дамуына әсері жүйелі түрде талданбай отыр.

Балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың артуы, суицид және басқа да әлеуметтік мәселелердің туындауына бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы да себеп екені жиі айтылады. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көтеріліп, құзырлы органдарға нақты міндеттер жүктелген.

Бүгінде еліміздегі қосымша білім беру ұйымдарының 80 пайызы — мемлекеттік, ал 20 пайызы — жекеменшік мекемелер. Бұл салада үйірмелердің мазмұнын жетілдіру, олардың қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлердегі мүмкіндіктерді кеңейту қажеттілігі айқын сезіледі.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бүгін де өзекті. Өйткені елдің болашағы — жан-жақты дамыған, білімді, шығармашыл балалардың қолында. Қосымша білім беру жүйесін күшейту — сол болашаққа жасалған ең маңызды қадамдардың бірі.