«Жастардың әлеуетін ашуға барлық мүмкіндік жасаймыз»: Алматы облысы білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр

21 қазан, 2025 / Arasha.kz

Қазақстанда жастардың білім алуына жағдай жасау тек республикалық деңгейде ғана емес, өңір басшылықтарының да басым бағыттарының бірі болып саналады. Солардың ішінде халқының саны мен орналасу тығыздығы жағынан алдыңғы қатарда тұрған Алматы облысы ерекше белсенділік танытып келеді. Ресми дерек бойынша, облыста жыл сайын шамамен 18 мың оқушы мектеп бітіріп шығады.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде білім беру инфрақұрылымын кеңейту және жастардың мүмкіндіктерін арттыру бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 2 жоғары оқу орны және 25 колледж жұмыс істейді. Сонымен бірге, жергілікті жастарды Қытай Халық Республикасындағы білім беру ұйымдарына жіберу тәжірибесі де жолға қойылған.

«Біз шағын деңгейдегі „Болашақ“ бағдарламасын аштық. Біздің облыстың түлектері Шыңжаңдағы оқу орнында білім алады. Келесі жылы Қытайдың басқа университеттеріне 20 грант бөлеміз. Яғни жаңа жоғары оқу орындарын ашумен қатар, жастардың әлеуетін кеңінен ашуға түрлі мүмкіндіктер ұсынамыз», — деді әкім журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Өңірде шетелдік гранттардан бөлек, жергілікті жастарды қолдау да жалғасуда.

«Былтыр облыс жастарына 100 грант бөлдік, биыл 70 грант ұсынылды. Шарт бойынша, олар оқуын тәмамдағаннан кейін облысқа оралып, біздің өңірде жұмыс істеулері тиіс», — деп атап өтті Сұлтанғазиев.

Әкімнің сөзінше, бұл бастамалар өңірдің кадрлық әлеуетін күшейтіп, жастардың кәсіби дамуына жол ашуға бағытталған.