Жамбыл облысында әскери ант қабылдау кезінде трюк көрсету барысында бір көзінен айырылған әскери қызметкерге өтемақы төленіп, оның Қарулы күштер қатарында қызметін жалғастыруына мүмкіндік берілді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Боранбаев Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Боранбаевтың айтуынша, оқиға арнайы жасақ қызметкерлері ата-аналар алдында өз шеберлігін көрсетпек болған сәтте орын алған. Қауіпсіздік техникасы сақталмағандықтан, келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген 24 жастағы Жақсылық Молдақұл ауыр жарақат алып, бір көзінен айырылған.
"Оны бірден ауруханаға жеткізген. Кейін офтольмалогиялық орталыққа жеткізген. Оның бір көзі көрмей қалған. Соған қарамастан шешім қабылданды: ол Қарулы күштерде қызмет ете береді: оған тиісті көмек беріледі", – деді Боранбаев.
Оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталған. Министрдің өзі жағдайды жеке бақылауына алған.
Серік Боранбаевтың айтуынша, бұл – шоу емес, әскери дайындықты көрсетудің бір бөлігі ғана.
"Шыны болсын, темір болсын – кез келген әскери қызметкердің жұмысы қауіппен байланысты. Экстремалды жағдайда әскери қызметкер бәріне дайын болуы үшін бейбіт заманда осылай дайындалады", – деді ол.
Қорғаныс министрлігі жарақат алған қызметкерге өтемақы төленетінін де растады.