Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды – Президент

Бүгін, 15:01 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Парламент құру бастамасы жайлы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. 

«Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар», - деді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. 

«Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет», - деді ол.
 

Тэгтер:

тоқаев парламент квота