Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі соңғы жылдары ерекше өзекті бола түсті. Тұрмыстық жанжалдар бұрынғыдай жабулы қазан күйінде қалмай, ашық талқыланып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жәбірленушілердің үнсіз қалмай, құқық қорғау органдарына жиі жүгінуі қоғамдағы маңызды өзгерістердің белгісіне айналды. Әйелдердің қауіпсіздігі – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Әлем бойынша жыл сайын өтетін “Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл” акциясы да осы бағыттағы басты бастамалардың бірі. Бұл кезеңде мемлекеттік органдар, полиция, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер бірігіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізеді. Акция әйелдерге жасалатын кез келген қысымға қоғам назарын аударуды, үнсіз қалмауды басты мақсат етеді.
Polisia.kz редакциясы осы кампания аясында учаскелік инспекторлармен бірге есепте тұрған бірқатар отбасыларға барып, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Рейд барысында агрессорлармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, отбасының ішкі ахуалы мен қауіпсіздік деңгейі бағамдалды. Сонымен қатар жәбірленушілер ала алатын психологиялық, заңгерлік көмек, дағдарыс орталықтарының қызметі туралы ақпарат берілді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, агрессорлардың жауапкершілігін күшейтуге және полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Қауіпсіздік мәдениеті қалыптасқан қоғамда әр отбасының тыныштығы мен құқықтары да жақсырақ қорғалады.
Акция барысындағы жұмыстар туралы Астана қаласы Алматы ауданы полиция басқармасының инспекторы Ақдидар Шаримбекова айтып берді.
Оның сөзінше, акцияның басты миссиясы – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамдық назарды күшейту және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың осы бағыттағы күш-жігерін үйлестіру. Науқан кезінде полиция тұрғындарға 102, 112 жедел желілері, дағдарыс орталықтары туралы ақпарат таратып, әлеуметтік желілерде түсіндіру материалдарын жариялайды. Есепте тұрған отбасылармен профилактикалық әңгімелер өткізіледі.
Инспектор соңғы бір жылда тұрмыстық жанжал бойынша полицияға жүгіну көрсеткіші артқанын да айтты. Бұл – жәбірленушілердің құқықтық сауаттылығы өскенінің белгісі. Полиция отбасында қиындық туғызатын адамдарды бақылауда ұстап, тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Агрессорларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте нақты жауапкершілік қарастырылған. Қорғау нұсқамасы шығарылады, жәбірленушімен байланысуға тыйым салынады. Қажет жағдайда қылмыстық іс қозғалады.
Ақдидар Шаримбекованың айтуынша, тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әр әйел полициядан көмек сұрауға қымсынбауы тиіс. Қауіпті жағдайда бірден 102 немесе 112 нөміріне хабарласқан дұрыс. Дағдарыс орталықтары тәулік бойы көмек көрсетеді, барлық қызмет құпия түрде және тегін ұсынылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – жабық есіктің ар жағында қалуы керек мәселе емес. Оның алдын алу үшін қоғам үнсіз қалмауы тиіс. Полиция, қоғамдық ұйымдар және белсенді азаматтардың бірлескен еңбегі ғана әйелдердің қауіпсіздігін күшейтіп, отбасылық жанжалдардың алдын алады. Бүгін жасалған ақпараттық және профилактикалық жұмыс ертеңгі қауіпсіз қоғамның негізін қалайды.