Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп жатыр

30 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Жексенбі таңертең Қырғызстанда сайлау учаскелері ашылып, Жогорку Кенеш депутаттарын мерзімінен бұрын сайлау басталды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Ел бойынша 08:00-де (Астана уақытымен 07:00) 2 492 сайлау учаскесі, шетелде — 100 учаске ашылды.

Дауыс беру құқығына 18 жасқа толған және биометриялық тіркеуден өткен Қырғызстан азаматтары ие. Контрольдік тізімде 4 миллион 294 мың 243 сайлаушы бар. Оның ішінде: 2 миллион 81 мың 514 ер адам (48,47 пайыз), 2 миллион 212 мың 729 әйел (51,52 пайыз).

Дауыс беру күні құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылды.

Сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өтеді: 30 көпмандатты округте 90 депутат сайланады, әр округтен — үш депутаттан. Заңға сәйкес, бір адамға бір округте екі мандаттан артық берілмейді. Кандидаттарды саяси партиялар да, өзін-өзі ұсынушылар да тіркеген.

Сайлаушы бюллетеньде тек бір кандидатқа ғана белгі қоя алады. Олай болмаған жағдайда бюллетень жарамсыз деп танылады.

Ел тарихында алғаш рет қашықтан дауыс беру тетігі қолданылмақ. Қашықтан дауыс беру — сайлаушының тұрақты тіркеу мекенжайындағы учаскеде дауыс бере алмаған жағдайда жақын маңдағы учаскеде дауыс беру мүмкіндігі.

Республика бойынша қашықтан дауыс беруге арналған учаскелер базарларда, сауда орталықтарында, Ұлттық госпитальде, «Манас» және «Ош» әуежайларында, бірқатар кәсіпорында ұйымдастырылған.

Өз округінің шегінде сайлаушы тек тұрақты тіркеу мекенжайы бойынша бекітілген учаскеде ғана дауыс бере алады. Сол округтің басқа учаскесінде дауыс беруге рұқсат етілмейді.

Дауыс беру 20:00-ге (Астана уақытымен 19:00) дейін жалғасады. Алдын ала нәтижелер дауыс беру аяқталғаннан кейін бірден белгілі болады. Сайлау қорытындысы 14 желтоқсанға дейін шығарылып, ресми түрде жарияланады.

Тэгтер:

сайлау парламент Қырғызстан