Жасөспірім қызды көлік ішінде ұрған курсант тек оқудан шығарылды

Бүгін, 13:14 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

Алматыдағы жасөспірім қызды соққыға жыққан оқиғадан кейін ІІМ академиясының курсанты оқудан шығарылды.

Threads желісінде жәбірленушінің әпкесі бұрынғы жігіті — ІІМ академиясында оқитын курсант — кәмелетке толмаған қарындасын ауыр жарақаттағанын жазды. Оның айтуынша, оқиға көліктің ішінде болған: жігіт қызды тұншықтырған, шашынан тартып, басынан ұрған.

Қыз анасына хабарласуға әрекет жасағанда, туыстарының сөзінше, жігіт күш көрсетіп, ұруын жалғастырған. Әлеуметтік желілерде жәбірленушінің денесіндегі жарақаттардың суреттері де тарады.

Newtimes.kz телеграм арнасынан алынған.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілгенін хабарлады. Алайда қыз бен оның ата-анасы арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан бас тартқан. Полицияның мәлімдеуінше, сырттай қарағанда дене жарақаты анықталмаған, сол себепті іс заңға сәйкес тоқтатылған.

Newtimes.kz телеграм арнасынан алынған сурет.

Соған қарамастан, ІІМ академиясының тәртіптік комиссиясы курсанттың әрекетін қарастырып, оны оқу орнынан шығару жөнінде шешім қабылдаған.

Тэгтер:

алматы қылмыс Курсант жасөспірім қыз кәмелетке толмаған қыз