«ҚТЖ жүк тасымалдары» ЖШС-і айыппұл төледі

Бүгін, 13:47 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚТЖ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС-не қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша жүргізілген тергеп-тексеруді аяқтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеп-тексеруді жүргізуге Қазақстан ұлттық экспедиторлар және Қырғыз Республикасы экспедиторлар қауымдастықтарының, сондай-ақ бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтініштері негіз болған.

«Тергеп-тексеру барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу кезінде аффилиирленген компаниялар – «KTZ Express» АҚ және «Кедентранссервис» АҚ-қа артықшылықтар бергені анықталды. Бұл өз кезегінде жекеменшік экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер келтірген. Аталған әрекеттер «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдаланушылық ретінде сараланды», - деп хабарлады департамент.

2025 жылғы 22 тамызында Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік бюджет кірісіне 1,42 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.

2025 жылғы 15 қыркүйекте Астана қалалық сотының қаулысымен бірінші инстанция сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Бүгінгі таңда Акционерлік қоғам айыппұлды толық көлемде төледі.
 

Тэгтер:

ҚТЖ айыппұл жүк тасымалы