Сырт қарағанда елде бәрі қалыпты, күнделікті өмір ағымымен жүріп жатқандай көрінгенімен, өте нәзік әрі үнемі назарда ұстап, әркез жұмыс істеп отыратын маңызды мәселелер бар. Ол – ұлтаралық келісім мәселесі. Қазақстан тарихи оқиғалардың түзілуі негізінде көптеген этностар мекендейтін мемлекетке айналды. Ал бір емес, бірнеше этностық топтар мекендейтін елдің ұлтаралық саясаты ең маңызды әрі үнемі қадағалауды қажет ететін мәселе екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта Қазақстанда ұлтаралық мәселе жоқ, бірақ ол бұл салада жұмыс жүргізубеу керек дегенді білдірмейді. Мәселен, елде Қазақстан халықтары ассамблеясы жұмыс істейді. Ұлтаралық келісім саясатын іске асыратын негізгі орган. Биыл осы ұйымның құрылғанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде елде ұлтаралық күрделі мәселе туындамаған болса, ол – мемлекеттік ұлтаралық саясаттың дұрыс бағытта жүруінің нәтижесі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халықтары ассамблеясының 30 жылдығына арналған жиында: «ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты», - деп ұйым жұмысының көрінбейтін алайда өте маңызды тұстарын нақ басып айтқан еді.
Сондықтан да аса сезімтал саналатын ұлтаралық келісім мәселесін қадағалап, көзден таста қылмай үнемі назарда ұстау – мемлекеттің ішкі тұрақтылығының басты кепілі.