Халық масыл ма, кімді-кім асырап отыр? – саясаттанушы

Бүгін, 14:55 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

Саясаттанушы Асылбек Баяжума өзінің Facebook әлеуметтік желісінде "Соңғы кезде мемлекеттік аппарат өзінің бар-жоғы 20 млн халқын «масыл бола бастады» деп кінәлайтынды шығарды" деген тақырыпта үлкен жазба жариялады. 

Жазбаның түпнұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бірақ «масыл» деген түсінік кімге қатысты айтылуы керек?

Шын мәнінде кім-кімді асырап отыр?

Бұл сұраққа жауап беру үшін мемлекет қаржысын кім қалыптастыратынын, халықтың табысын, әлеуметтік жағдайын және салық жүктемесін талдау қажет.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, ұлттық бюджеттің 70%-ын мемлекет емес, қарапайым азаматтар мен бизнес қалыптастырады.

Нақтырақ айтқанда:

Бюджет кірісінің 57–60% – жеке және заңды тұлғалардың төлейтін тікелей салықтары.

Тағы 10–12% – халық күнделікті тұтынатын тауарлар арқылы төлейтін жанама салықтар (ҚҚС, акциз).

Әлеуметтік төлемдердің 85%-ы – жұмыс істейтін азаматтар мен кәсіпорындардың аударымдары.

Бұл – мемлекеттің «өз» ақшасы жоқ екенін білдіретін қарапайым қағида.

Мемлекеттің барлық қаржысы тікелей немесе жанама түрде халықтан жиналады.

Сол халықтың өзінен жиналған ақшаға өзіне демалыс, жәрдемақы төлейді.

Мысалы сіз жұмыс істегенде әлеуметтік төлемақы ( соцотчисление) ұстап отырады.

Егер уақытша жұмыс таппай "Мансап" орталығына барсаңыз, сізді жұмыссыз деп танып алты ай бойы өзіңіз жинаған әлеуметтік төлемақыны бөліп төлейді.

Сонда мемлекетке қандай шығын келді?

Ендеше мұндай жағдайда халықты «масыл» деп атау қисынға келе ме?

Қазақстандықтар – ең аз әлеуметтік қамсыздандырылған халық.

Алысқа бармай-ақ соғысып жатқан Ресей мен Белоруссиямен салыстырып көрейік.

Бір азаматқа шаққандағы әлеуметтік шығындар:

Ресейде – 2300 USD,

Беларусьта – 1120 USD,

Қазақстанда – 980 USD.

Бұл – Қазақстан азаматтары салықты Еуропа деңгейінде төлеуге мәжбүр бола тұра, мемлекеттен әлеуметтік қолдауды Орталық Азия елдері арасында ең төмен көрсеткіштерінің бірі екенін білдіреді.

2025 жылдың екінші жартысындағы орташа айлық та осы айырмашылықты көрсетеді:

Ресейде – 1100 USD,

Қазақстанда– 849 USD,

Беларуссияда – 815 USD.

Ең төменгі жалақы көлемі де дәл осы теңсіздікті айғақтайды:

Ресейде – 278 USD,

Беларусьте – 213 USD,

Қазақстанда – 163 USD.

Бұл деректер масылдық туралы пікірді теріске шығарып қана қоймай, халықтың мүмкіндігі шектеулі екенін көрсетеді.

Халықтың нақты табысы соңғы он жыл бойы төмендеп келеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек мынандай деректі көрсетеді:

2014–2024 жылдары халықтың нақты табысы 15–17% төмендеген.

2020–2023 жылдары инфляция 46%-ға жетті.

Азық-түлік 60–90% аралықта қымбаттады.

Айыпұлдардың түрі көбейіп, сомасы артты.

Экономикалық әдебиетте мұны «масылдық» емес, "тиімсіз экономикалық саясат" деп атайды.

Қазақстандықтар – әлемдегі ең көп жұмыс істеп, ең аз табыс табатын халық.

WHO және OECD деректері бойынша:

Қазақстандағы орташа жұмыс аптасы: 42–46 сағат.

Еуропада: 35–38 сағат.

Соған қарамастан, ЕО елдерінде жалақы Қазақстаннан 5–7 есе жоғары.

Бұл – халықтың масыл емес, керісінше көп жұмыс істей отырып, төмен ақыға өмір сүруге мәжбүр екенін көрсететін айқын дәлел.

Салық ауыртпалығы – қарапайым азаматтардың мойнына мінді.

Салық жүйесі халықтан ақша жинауға барынша ыңғайластырылған:

12%-ҚҚС-ті ( қосымша құн салығы) тіпті нан сатып алған бала да төлейді.

Зейнетақы жарналары – жұмыскердің мойнында.

МӘМСті – жұмыскер мен бизнес төлейді.

Акциздер – бағаға толық енгізілген.

Ал ірі корпорациялар керісінше, жеңілдіктермен қорғалған.

Олармен құпия келісім жасалады.

Яғни, ең ауыр салық жүктемесі қарапайым жұмысшының мойнына ілінген.

Әлеуметтік қолдауды талдасақ мүгедектер, көпбалалы аналар т.б категориялар алатын жәрдемақы Еуразия көлемінде ең төмен деңгейде.

ЖІӨ-дегі әлеуметтік шығындардың үлесі:

Қазақстан: -5%,

Ресей: 12–14%,

Қырғызстан: 8%,

Еуропа: 20–35%.

Ұлттық компаниялардың табысы кімге қызмет етеді?

ЖІӨ көлемі 258 млрд доллар болатын Қазақстанда ең ірі табысты «Самұрық-Қазына», ҚазМұнайГаз, ҚТЖ, KEGOC, Қазатомөнеркәсіп және Air Astana секілді ұлттық компаниялар табады.

Алайда олардың дивидендтері:

-квазимемлекеттік құрылымдарға;

-офшорларға;

-жабық қорларға;

-белгісіз инвесторларға;

-топ менеджерлердің бонустары мен сыйақыларына кетеді.

Халық бұл табыстан дивиденд, жеңілдік немесе арзан тариф көрмейді.

Сонымен жалпы масылдық бар ма? Бар. Бірақ халықта емес, жүйеде:

-бюджетті халық толтырады;

-тарифті халық төлейді;

-зейнетақы мен медицинаны халық қаржыландырады;

-кредитердің заңсыз үстемақыларын яғни екінші деңгейлік банктердің табысын халық көтереді;

-экономикалық қателіктердің салдарын халық өтейді.

Осындай жағдайда «масылдық» туралы айтатын тараптан халық па, әлде салықтың негізгі бөлігін жинап, бірақ жауапкершілігі мен тиімділігін жүзеге асыра алмаған мемлекеттік аппарат па?-деп сұрағың келеді.

Француз ойшылы Виктор Гюго:

«Мемлекет — бұл біз. Қалғаны — шенеуніктер»,

дегенінде үлкен мән жатыр.

Егер мемлекет халықтың есебінен өмір сүрсе,

онда оның басты міндеті – халыққа қызмет ету,

ал қоғам төленген әр салықтың қайда және қалай жұмсалғанын сұрауға құқы бар.

Ал өздерінің тиімсіз экономикалық саясатының салдарын өздерін асырап отырған халықты "масыл" деп кінәлау абсурд һәм ақымақтық!

Бұл жерде табиғи байлықтан, сауда-саттықтан тіпті халықтың еңбегімен жинаған зейнетақы қорынан түсіп жатқан табысты тіпті қозғаған жоқпыз.

Шын мәнінді елдің экономикасының рулін ұстап отырғандар мәселені май шаммен қарап, маңызды шешімді тез қабылдамаса мемлекетті де, халықты да өзгелерге "кіріптар" ғып жіберуілеріңіз әбден мүмкін.

«Халық есебінен өмір сүретін мемлекет халыққа қызмет етуге міндетті» деп Аврам Линкольн айтқандай тірегіңде, тілекшің де, асыраушыңда, жанашырың да, сенің "жарқын болашағыңды" қамтамасыз етіп отырған халық екенін ұмытпаған абзал.

Тэгтер:

қазақстан халық саясаттанушы билік масыл асырау Асылбек Баяжума