Қазақ Петербургтегі радиостанция эфирін басып алмақ болды

Бүгін, 10:52 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Петербургтің «Шок» радиосында ерекше оқиға болды. Кешкі эфир кезінде студияға ер адам баса-көктеп кіріп, дереу микрофон беруді талап еткен. Қызметкерлердің айтуынша, егер оны тікелей эфирге қоспаса, офисті жарып жіберетінін айтып қорқытқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

 Orda.kz сайтының жазуынша, бұзақы Нұрлан есімді Қазақстан азаматы. 

Бұл туралы студия болған баспагер Глеб Стафеев «Фонтанка» басылымына айтқан. Бәрі есік қаққаннан басталған. Радиожүргізуші есікті ашқан сәтте «қонақ» оны қабырғаға итеріп, пульттің қасына отырып алған.

«Онымен сөйлесе бастадым. Әңгімеге тарттым, ал радиожүргізуші полиция шақыруға жүгірді. Оның бәрі бос әңгіме екенін қайдан білейік? Эфирден басқа ешқандай талап қоймады. Микрофон алғаннан кейін „арнайы әскери операцияға“ қарсы екенін айтып, Мәскеу мен атом бомбалары туралы сөйлей бастады», — деді петербургтік радио қызметкері.

Осыдан кейін іске ФҚҚ кірісті. Қазақстандықтың айтқандары ресейлік күш құрылымдарына тексеруге жеткілікті дәрежеде маңызды көрінген.

Нұрлан радиоға бірінші рет басып кіріп тұрған жоқ. Қазанда ол курьер ретінде «Питер FM» офисіне өтпек болған. Сол кезде оны қызметкерлер тоқтатқан. Тексеру кезінде Нұрланнан пластик байлау стяжкалары табылған. Кейін ол эфирге еніп,  ұран айтқысы келгенін мойындады.

БАҚ дерегінше, ұсталған қазақстандықтың жасы 52-де, өзі жалғыз әрекет еткен. Полиция оған қатысты ұсақ бұзақылық бойынша хаттама толтырды. Қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.