Билік зейнетақы қорындағы ақшаны АҚШ-тағы пицца сататын компанияға салған

Бүгін, 09:29 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігі Domino’s Pizza компаниясына инвестицияланғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен талқылау тудырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мұның себебі — БЗЖҚ сайтында жарияланған инвестициялық портфельдің біріктірілген құрылымы. Онда Halyk Finance инвестициялық банкі Domino’s Pizza акцияларын 157 миллион теңгеге сатып алғаны көрсетілген, деп мәлімдеді Airan Media.

Осы тұста неліктен дәл Domino’s таңдалды деген сұрақ туындайды? Бұл желінің Қазақстанда бірде-бір филиалы жоқ, өнімдері сатылмайды, ал компания акцияларының өсуі аса қарқынды емес — қазіргі кірістілік шамамен жылына 6%.

Алайда мамандар былай түсіндіреді: ол — диверсификация, яғни ірі қорлар қолданатын қалыпты әлемдік тәжірибе. Қазақстанның зейнетақы активтері тек ел ішінде емес, халықаралық нарықтарда да орналастырылады. Оның ішінде АҚШ-тағы тұрақты әрі сенімді компаниялардың бағалы қағаздарына да қаржы салынады. Domino’s Pizza — табысы тұрақты, нарықтағы орны қалыптасқан, ұзақ жылдар бойы өсу тарихы бар ритейлерлердің бірі, тіпті қазіргі қарқыны баяу болса да.

Тағы бір маңызды нәрсе — БЗЖҚ белгілі бір компанияны жеке таңдап инвестицялай салмайды. Бұл сатып алу зейнетақы активтерінен құралған мыңдаған құралдан тұратын үлкен портфельдің ұсақ бөлігі ғана. Domino’s акцияларына салынған 157 млн теңге жалпы портфельдің өте аз бөлігін құрайды.

Экономистердің айтуынша, мұндай инвестициялардың мақсаты — тұрақты табыстылықты қамтамасыз ету және тәуекелдерді бөлшектеу. Бұл Қазақстанда филиал ашу немесе белгілі бір брендті насихаттау үшін жасалып отырған қадам емес. Халықаралық компанияларға инвестиция салу — Еуропа, АҚШ және Азиядағы зейнетақы қорлары да кең қолданатын стандартты тәсіл.

Тэгтер:

зейнетақы БЗЖҚ пицца бағалы қағаз