Жамбыл облысында баланың жәрдемақысын күшпен «тартып алған» әйел сотталды

Бүгін, 10:56 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында жергілікті тұрғын қарызын алу үшін, кәмелетке толмаған екі баладан әлеуметтік жәрдемақыны күш қолдану арқылы тартып алғаны үшін бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол осылайша балалардың анасы алған қарызды қайтарып алмақ болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Іс материалдарына қарағанда, ағайынды екі бала «Қазпошта» бөлімшесіне анасының сенімхаты бойынша жәрдемақыны алуға барған. Анасы үйде кішкентай баламен қалған. Алайда бөлімшеден шыққан бетте оларды дүкен иесі А.С. күтіп тұрған. Ол алдын ала пошта қызметкерлеріне әйел келген кезде хабар беруді өтінген, себебі қарызын өндіріп алмақ болған.

Балалардың жәрдемақы алуға келгенін түсінген әйел оларды тоқтатып, ақшаны беруді талап еткен. Балалар бас тартқанда, күш қолдана бастаған: оларды тартып, қалталарын тінткен. Кейін қызды жерге құлатып, қылқындырған. Онымен бірге келген күйеуі ұлды ұстап тұрып, қолына тас алып қорқытқан.

Төбелестен балалардың үстіндегі сырт киімі жыртылған. Әйел мен күйеуі балалардан 79 мың теңгені тартып алып, оларды өз көліктеріне отырғызып, дүкеніне апарып, сол жерде ғана босатқан. Жол бойы олар балаларды балағаттап, ұрысқаны да айтылды.

Сотта А.С. өз кінәсін мойындамады, ал куәгерлер балалардың өз еркімен көлікке отырғанын және ешкім оларға қол тигізбегенін айтты. Бірақ сот айыптау тарапының дәлелдерін сенімді деп таныды.

Нәтижесінде әйел бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол ақшаны да, жыртылған киімнің құнын да қайтарды.

Материалдық шығынға қатысты азаматтық талап арыз сотта бөлек қаралады.

Тэгтер:

қарыз сот жәрдемақы күш қолдану