Балмұздақ әперемін: БҚО-да педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды

4 желтоқсан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 22 тамызында Тасқала ауданының Тасқала ауылында болған. Сол кезде ауыл тұрғыны полицияға бес жасар қызының жоғалғаны туралы арызбен жүгінген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бала келесі күні таңертең ауыл шетіндегі орман алқабынан табылған. Қыз ес-түссіз жатқан. Қылмыскер анасының танысы болып шықты, сол күні 32 жастағы ер адам олардың үйінде қонақта болған. Кешке ол баланы дүкенге алып барып, балмұздақ әперуге уәде еткен. Дүкенде орнатылған бейнебақылау камералары педофилдің баламен тәттілер сатып алған сәтін тіркеп алған.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша: "Сотталушы жәбірленушінің кәмелетке толмаған бала екенін біле тұра, оған тәттілер сатып алып, алдау арқылы оны адам аяғы баспайтын жерге апарып, осылайша жәбірленушіні ұрлап, оны заңсыз ұстап, кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған".

Қыз дереу ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер зорлық-зомбылық фактісін растады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Бұған дейін ер адамның ауыр қылмысы үшін сотталғаны және қылмыс жасалған кезде оның соттылығы өтелмегені белгілі болды. Осы себепті сот оның әрекетіндегі қауіпті рецидивті анықтады.

Сот үкімімен сотталушы адам ұрлағаны және кәмелетке толмағанды зорлағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Жазаны өтеу орны ретінде төтенше қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі белгіленді", - деп хабарлады сот.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
 

Тэгтер:

сот бала педофил