Полиция тәркілеп, арнайы тұраққа қойылған көлік жоғалып кетті

Бүгін, 09:35 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Таразда бір кездері полиция тәркілеп, арнайы тұраққа қойған көлік жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот шығынды өтеуді күзет агенттігіне міндеттеді.

Ford Fiesta автокөлігінің иесі мұны бірнеше жылдан кейін бір-ақ білген. Көлік 2017 жылдың қазанында мәжбүрлі түрде тәркіленіп, кейін күзет фирмасының қарауындағы айыптұрағына жіберілген.

Алайда 2022 жылдың желтоқсанында көліктің орнында жоқ екені анықталды. Қайда кеткені әлі белгісіз. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Көлік иесі сотқа жүгінді. Ол мүліктің сақталуын қамтамасыз ету күзет агенттігінің міндеті болғанын айтты. Сарапшылар жоғалған көліктің бағасын 3,4 млн теңге деп бағалады.

Күзетшілер кінәсін мойындамағанымен, көліктің сақталғанын немесе жоғалудың өздерінен болмағанын дәлелдейтін ешқандай уәж келтіре алмады.

Сот 2017 жылы полицияның көлікті айыптұрағына қоюға мүлде негізі болмағанын анықтады. Соған қарамастан, 2019 жылдан бастап көлік жауапкердің қарауында болған және дәл сол кезеңде жоғалған.

Нәтижесінде көлік иесінің талабы толық қанағаттандырылды. Күзет агенттігінен 3,4 млн теңге өтемақы және іс бойынша шығындар өндірілді.
 

Тэгтер:

полиция көлік арнайы тұрақ