Қазақ бітімгерлері Голан жоталарында мыңнан астам қауіпті затты жойды

Бүгін, 09:47 / Қайсар Қалам
Сурет: Қарулы күштер министрлігі

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясы аясында қауіпті заттарды залалсыздандыру бойынша жұмысты айтарлықтай күшейтті. Биылғы сегіз айда бөлінуді бақылау жөніндегі контингенттің инженерлік-саперлік тобы 32 жедел тапсырма орындап, мыңнан астам қауіпті затты жойды. Оның ішінде 23 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы бар. Бұл – алдыңғы ротация көрсеткішінен екі есе жоғары, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін 14 жедел шақырту кезінде саперлер 500-ден астам жарылғыш зат пен 6 қолдан жасалған құрылғыны залалсыздандырған.

Топ командирі майор Ернар Амантайұлының айтуынша, жарылмаған оқ-дәрілердің көбі елді мекендерге жақын аумақтан табылады. Олар бейбіт тұрғындар үшін тікелей қауіп төндірген.

Айтуынша, қауіпті заттар туралы ақпарат БҰҰ қызметкерлерінен, патрульдерден және кейде жергілікті тұрғындардан келіп түседі. Оқиға орнына барған саперлер қауіп деңгейін бағалап, инфрақұрылымға зиян келтірмей залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

Саперлер артиллериялық және танк снарядтары, миналар, дрон оқтұмсықтары және қолдан жасалған жарылғыш құрылғылармен жиі жұмыс істейді. Сириядағы қақтығыстардан қалған мұндай қауіпті заттар әлі де көп.

Қазақстандық бітімгерлердің кәсіби іс-қимылы БҰҰ миссиясының жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті күшейтуге және бейбіт тұрғындарға төнетін қатерді азайтуға елеулі үлес қосып отыр.
 

Тэгтер:

бұұ Бітімгер Голан