ҚТЖ астық тасымалында неге ресейліктерге басымдық беріп, отандық фермерлерді сорлатып отыр?

Бүгін, 10:12 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚТЖ

Көбірек ақша төлеген ресейлік компаниялар біздің теміржол арқылы экспортын гүлдендіріп алды. Ал бұрышта тұрған отандық кәсіпкерлер ҚТЖ арқылы өз тауарын сыртқа таси алмай, не істерін білмей отыр. Бұл туралы экономист, сарапшы Айбар Олжай фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сарапшы отандық кәсіпкерлердің теміржол нарығында дискриминацияға ұшырауы экономикаға ертең ауыр соққы болып тиеді, деп отыр.

«Біз оны мойындағымыз келмесе де, бір жылдан кейін мультипликативті жағымсыз әсерін кәдімгідей сезетін боламыз. Сәл көбірек ақша төлеген ресейлік компаниялар біздің теміржол арқылы экспортын гүлдендіріп алды. Ал бұрышта тұрған отандық кәсіпкерлер ҚТЖ арқылы өз тауарын сыртқа таси алмай, не істерін білмей отыр. Ия, халықаралық тарифтік логистика керек дүние. Бірақ өз экспортымызды осы үшін құрбандыққа шалу мүлде қисынсыз және өте қауіпті», - дейді ол.

Экономистің айтуынша, биыл Қазақстандық фермерлер 27 миллион тонна астық жинады. Бұл жаңа рекорд. Осыған орай, экспортымыз да артуы тиіс еді және өзіміздің дәстүрлі нарықтар - Орталық Азия мен Ауғанстанға астықты көбірек жіберіп, бәсекелестікте озуымыз керек еді. 

«Дәл осы кезде ұлттық компания ғой деп сеніп жүрген ҚТЖ бұл нарықтарға астық тасудың негізгі қақпасы - "Сарыағаш" өткелі арқылы отандық фермерлерден жүк қабылдамай, Ресейдің астығын өткізуде. Шектеу отандық вагондарға қойылып, транзитке шектеу жасалмаған. Биыл 145 миллион тонна астық жинаған Ресей біздің нарықтарды өзіміздің ҚТЖ-ны пайдаланып аузымыздан жырып әкетті десе болады. Осы қылықтың астарынан ешбір мемлекетшілік позицияны, отандық экономикаға жанашырлықты, ең құрығанда патриоттықты көре алмадым. Керек болса транзитті тоқтатып, ең бірінші кезекте қазақ астығын жіберу керек еді. Себебі, Ресейдің астығын бірінші алып қойған ауғандар, өзбектер мен тәжіктер өз қамбаларын толтырып алады да, біздің астықты алмай қояды. Немесе арзан баға ұсынып, отандық фермерлерді экспорттық табыстан айырады», - дейді А. Олжай.

Былтыр еліміз 1,78 миллиард тонна жүк тасымалдаған. Оның 437 млн тоннасы теміржол арқылы жүрді. Биылғы 11 айда 288 миллион тонна тасылды. Болжам бойынша биыл теміржол арқылы транзит 33 миллион тонна болуы тиіс. Транзит жақсы өсіп келеді. Ол ҚТЖ-ға орасан пайда әкелетіні сөзсіз. Тек осы пайда мен тасымал мерекесінде отандық фермерлер елеусіз бір бұрышта отыр. Оларды бәрі ұмытып кетті.
 

Тэгтер:

ресей ҚТЖ астық тасымалы отандық фермер