Ұлт саулығын нығайту жолындағы маңызды қадамдар

2 желтоқсан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарының ішінде 3-ші мақсат – «Денсаулық пен әл-ауқат», яғни ұлт саулығын қамтамасыз ету әлем елдері үшін негізгі басымдықтардың бірі. Адам денсаулығы қоғамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының басты шарты.

Денсаулығы мықты ұлт қана инновациялық, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет құра алады. Сондықтан 3-ші мақсат аурулардың алдын алу, қолжетімді медициналық көмек көрсету, психикалық саулықты сақтау, экологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру және жастардың денсаулығын нығайту бағыттарын қамтиды. Елімізде бұл бағытты белсенді түрде қолдап, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, профилактикалық шараларды күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша ауқымды реформалар жүргізіп келеді. Елдегі «Салауатты өмір салты», ұлттық бағдарлама, цифрлы медицина, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі – ТДМ 3 мақсаттарына жетудің маңызды тетіктері.

Осы маңызды бағытта білім беру ұйымдары, әсіресе жоғары оқу орындары, ерекше рөл атқарады. Солардың ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-студенттердің денсаулығын жақсартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан жетекші оқу орны. Оқу ордамызда дене шынықтыру, спорт, психологиялық қолдау, экологиялық мәдениет пен дұрыс тамақтану мәдениетін дамытуға арналған көптеген жобалар іске асырылуда. Университеттің заманауи спорт кешендері, дене шынықтыру сабақтары, жаппай спорттық іс-шаралары студенттердің физикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

ТДМ 3 аясында ҚазҰУ-дың Заң факультеті де өз үлесін қосуда. Факультетте «Ұлт саулығы – құқықтық жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстелдер, пікірталастар және ағартушылық кездесулер ұйымдастырылып келеді. Факультет студенттері денсаулық сақтау саласының құқықтық аспектілерін, медициналық қызмет сапасын, азаматтардың денсаулыққа қатысты құқықтарын қорғау мәселелерін талқылайды. Университет аумағында «Жасыл кампус» жобасы жүзеге асырылып, ағаш отырғызу акциялары, экологиялық сенбіліктер, қалдықтарды сұрыптау жүйелерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар студенттердің экологиялық жауапкершілігін арттырып, денсаулыққа зиян келтірмейтін таза орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Университет жастары дұрыс тамақтану мәдениеті туралы да жиі бастамалар көтеріп жүр. Студенттік орталарда пайдалы тағамды ұсыну, тағам құрамындағы дәрумендердің маңызын түсіндіру, дұрыс тамақтану бойынша шеберлік сабақтарын өткізу-жастар денсаулығы үшін маңызды бағыттардың бірі. Университет асханаларында сапалы өнімдер ұсыну, зиянды тағамды азайту туралы ұсыныстар студенттер тарапынан қолдау тауып отыр.

ТДМ 3 – тек медициналық мақсат емес, кең ауқымды қоғамдық бағдар. Ол денсаулық сақтау, құқықтық саясат, экология, әлеуметтік қорғау және жастар мәдениеті сияқты бағыттардың бірлігін талап етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, ҚазҰУ-дың білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбиелік жұмыстары бұл жаһандық мақсатты жүзеге асыруға нақты үлес қосып отыр. Университет жастары өз бастамалары арқылы ұлт саулығына бейжай қарамайтын, белсенді, жауапты азаматтар қалыптасып келе жатқанын көрсетуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы бағытта білімді, дені сау, әлеуметтік белсенді және экологиялық жауапты ұрпақ тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ұлт саулығын нығайту-тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті әрекеті мен таңдауы екенін жастар терең ұғына бастады. Осы ортақ жауапкершілік арқылы ғана біз дені сау әрі тұрақты қоғам құра аламыз.

Мынбатырова Н.К.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты, доцент

Табыс Самға
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
заң факультетінің 1 курс магистранты