WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы бокс әлемінде әлі де қызу талқыланып жатыр. Бұл жолы пікір білдірген – WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер, "Орыс балғасы" лақап атымен танылған Дмитрий Кудряшов, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Тәжірибелі боксшы жағдайдың күрделілігін атап өтіп, мельдонийді "допинг" деп атау да қисынсыз екенін жеткізді.
"Мельдонийді допинг деп айту қиын. Бұл боксқа ешқандай артықшылық беретін препарат емес. Бұрын жүрек бұлшықетін қолдау үшін дәрігерлердің өзі жазып беретін. Қазір олар оның тек метаболиттерін тапқан болуы мүмкін", – деді Кудряшов.
Ол ең маңызды мәселе – препараттың тыйым салынған тізімде тұрғанын Жәнібектің командасы білуі тиіс болғанын алға тартты.
"Жәнібектің командасы мельдонийдің қолдануға болмайтын препарат екенін білмеді деу – күлкілі. Бұл жерде қателік алыстан емес, ең жақын жерден кеткен сияқты", – деп түйіндеді ол.