Төрт еуропалық мемлекет келесі жылы өтетін халықаралық ән байқауына қатыспайтынын мәлімдеді. Бұған Израильдің жарысқа жіберілуі себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
ABC дерегінше, Нидерланд, Ирландия, Испания және Словенияның мемлекеттік хабар таратушыларының бәрі бұл шешімді Газа секторындағы соғысқа байланысты қабылдаған.
Нидерландтың AVROTROS телерадиокомпаниясының басшысы Тако Циммерман мәлімдемесінде:
«Мәдениет адамдарды біріктіреді, бірақ барлық жағдайда емес. Соңғы жылдың оқиғалары біз үшін құндылықтарымызды қаншалықты қорғай алатынымызға сын болды. Адамгершілік пен баспасөз еркіндігі сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар қатты әлсіреді. Ал бұл құндылықтар біз үшін саудаласуға келмейді», – деді.
Ирландиялық RTÉ хабарламасында:
«Газа секторындағы адам шығынының сұмдығын және гуманитарлық дағдарыстың бейбіт тұрғындардың өміріне төндірген қауіпін ескере отырып, Ирландияның қатысуы әділетсіз болады деп санаймыз», – делінген.
Ирландия «Евровидениеде» жеті рет жеңіске жеткен ел.
Испания да қатысудан бас тартты. RTVE бас хатшысы Альфонсо Моралес былай деді:
«Газа секторындағы жағдай, атыстың тоқтатылғанына және бейбітшілік процесінің мақұлданғанына қарамастан, сондай-ақ Израильдің байқауды саяси мақсатта пайдалануы "Евровидениені" бейтарап мәдени шара ретінде сақтау мүмкіндігін барған сайын қиындатып отыр».
Испания «Евровидениенің» «Үлкен бестігіне» кіреді — байқауды қаржыландыруға ең көп үлес қосатын және аудиториясы ең үлкен бес елдің бірі. Бұл топқа сондай-ақ Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия кіреді, ал осы елдердің қатысушылары финалға автоматты түрде өтеді.