Алматы облысындағы «Нарынқол» шекара бекеті аумағында қызметтік үй өртеніп, салдарынан әскери қызметкер мен оның баласы қаза болды. Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«2025 жылдың 6 желтоқсанында Алматы облысындағы «Нарынқол» шекара бекеті аумағында қызметтік үйде өрт шықты. Тілсіз жау төтенше жағдайлар қызметінің күшімен сөндірілді. Оқиға салдарынан әскери қызметкер мен оның баласы көз жұмды», – делінген ақпаратта.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Шекара қызметі қаза тапқандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр», – деп мәлімдеді ҰҚК.