Қазақстанда заңсыз онлайн-казино схемасы әшкереленді

Бүгін, 11:28 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстанда заңсыз онлайн-казино қызметін тоқтату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жүргізілген тексерулер барысында трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы анықталған. Заңсыз операциялардың жалпы көлемі 600 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Схемада 20-дан астам төлем ұйымы мен екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары қатысқан. Сонымен қатар, төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталық қызметі тоқтатылды. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары қатысқан, айналымы 200 млн USDT-тан асады.

«Осы іс-шара барысында 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сот санкциясымен тоғыз адам қамауға алынды, сегіз шетел азаматы халықаралық іздеуге жариялануға дайындалуда», - деп хабарлады ҚМА.

Агенттік онлайн-казино қызметі заңға қарсы ғана емес, жастар мен халықтың психикалық денсаулығына зиян келтіретінін атап, заңсыз құмар ойындарды насихаттауға жол берілмейтінін ескертті.
 

Тэгтер:

заң мониторинг Онлайн казино