ШҚО-да көпір құлағаннан кейін көлік басқарма басшысы қызметінен босатылды

Бүгін, 15:01 / Қайсар Қалам
Сурет: Өскемен қаласы әкімдігі

1 қыркүйекте Өскеменде Үлбі өзеніндегі Шнайдеров көпірі құлады. Көпір өткен жылы жөндеуден өткен болатын. Құрылымның орталық бөлігі опырылып түскен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бүгін белгілі болғандай, осы оқиғаға байланысты ШҚО Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов өз қызметінен кеткен.

ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол өз еркімен өтініш жазған. Алайда бұл жай ғана болмаған.

Хабарламаға сәйкес, шешім өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов тапсырмасымен мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлық тәуекелдерін жою аясында қабылданған.

«Шнайдеров көпірінде апат болғаннан кейін ШҚО әкімінің протоколдық тапсырмасымен құқық қорғау органдары қатысқан тексеру жүргізілді. Оқиға нәтижесінде бұрынғы басқарма басшысының заңға қайшы әрекеттері анықталды. Соңғы құқықтық баға уәкілетті органдар тарапынан беріледі. ШҚО әкімдігі мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру, тәртіпті күшейту және ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмысын жалғастырып отыр», – деді ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Уахитовтың орнына оның орынбасары Нариман Алмасұлы тағайындалды. Қазіргі уақытта ол уақытша қызмет атқарушы болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Өскемен әкімдігі құлаған Шнайдеров көпірін қалпына келтірмей, алып тастап, жаңасын салу туралы шешім қабылдаған.

Көпірдің құлауы қоғамда қатты наразылық тудырды. Жөндеуге бюджеттен 600 млн теңге жұмсалған. Бұрын да бұл көпірге қаржы бөлініп, 2021, 2023 және 2025 жылдары бірнеше рет опырылып құлаған еді.
 

Тэгтер:

Өскемен қызмет көпір опырылды