Мәжілісте өткен отырыста депутат Нартай Аралбайұлы білім саласында қоғамды алаңдатып отырған маңызды мәселелердің бірін – мектептегі білім сапасы мен оқушылардың жаппай жеке курстарға баруын көтерді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Депутаттың айтуынша, мемлекет мектеп құрылысын көбейтіп, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, білім бағдарламаларын жаңартып, саланы дамытуға қомақты қаражат бөліп жатқанымен, оқушылардың басым бөлігі ҰБТ мен басқа да емтихандарға дайындалу үшін қосымша курстарға жүгінуге мәжбүр.
"Біз жаңа мектептер салып жатырмыз. Ұстаздарымыздың біліктілігін арттыруға арналған курстар өткізіп жатырмыз. Білім бағдарламасына тиісті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Осы салаға қосымша қаржы құйып жатырмыз. Бірақ ҰБТ тапсырарда әлеуметтік жағдайы жететін оқушылардың бәрі қосымша курстарға баруға мәжбүр", – деді Нартай Аралбайұлы.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова болса, қосымша оқу – әр азаматтың жеке таңдауы екенін атап өтті. Сонымен қатар министрлік мектептегі білім сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Қазақстанда бүгінде шамамен 8 мың мектеп бар, онда 4 миллионға жуық оқушы оқиды. Соның ішінде 250 мыңнан астамы – жекеменшік мектептердің оқушылары. Informburo.kz мәліметінше, соңғы алты жылда жекеменшік мектептердің саны төрт есе өсіп, биыл олардың қатары 800-ге жеткен.