Зеленский сайлау өткізуге дайын екенін және соғысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспардың жай-жапсарын айтты

Бүгін, 09:05 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі кешкісін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, елде қауіпсіздік қамтамасыз етілген жағдайда екі-үш ай ішінде сайлау өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Ресей де келісім берсе, энергетикалық қақтығысты уақытша тоқтатуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Украина басшысы сондай-ақ Киев сәрсенбі күні АҚШ-қа жаңартылған бейбіт жоспарды жолдайтынын хабарлады. Оның айтуынша, Украина, АҚШ және Еуропадағы серіктестер арасындағы келіссөздер аясында бейбіт реттеудің негізіне айналуы тиіс үш құжат талқыланып жатыр.

«Украинадағы сайлау мәселесі, меніңше, ең алдымен халыққа байланысты. Бұл — Украина халқының таңдауы, басқа мемлекеттердің емес. Серіктестерімізге құрметпен қараймын, бірақ мәселенің түбі осында. Ашық айтамын: мен сайлауға дайынмын. 
Кейбір меңзеулер болды — биліктен айырылмау үшін, президенттік креслоны ұстап қалу үшін сайлау өткізбей отыр, сол себепті соғыс созылып жатыр деген әңгімелер. Бұл — шындыққа жанаспайтын, орынсыз пікір.

Сайлау өткізу үшін екі негізгі шарт бар. Біріншісі — қауіпсіздік. Қарапайым жағдайда емес, соққылар мен ракеталық шабуылдар кезінде сайлауды қалай ұйымдастыруға болады? Әскерилер қалай дауыс береді? Бұның бәрі түсінікті, қайта-қайта айтып жатқым келмейді. Екіншісі — соғыс уақытында сайлау өткізуге мүмкіндік беретін заңнамалық негіздің болуы.

Бұл мәселені АҚШ президенті мен серіктестеріміз көтеріп отырғандықтан, қысқа ғана айтамын: мен сайлау өткізуге дайынмын. Тіпті АҚШ пен еуропалық әріптестерден сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуді ашық түрде сұраймын. Сонда алдағы 60–90 күн ішінде Украина сайлау өткізуге дайын болады. Бұған менің жеке еркім де, ниетім де бар.

Одан бөлек, біздің фракция депутаттары, жалпы парламент мүшелері соғыс жағдайында сайлау өткізуге мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістерді әзірлеуі керек деп есептеймін. Мен ертең Украинаға ораламын. Серіктестерден ұсыныстарды, депутаттардан әзірленген нормаларды күтемін — және сайлау өткізуге дайынмын».

Бейбіт жоспар мен үш құжат туралы

«20 тармақтан тұратын негіздемелік құжат бар. Ол үнемі өзгеріп отырады, бұл — қалыпты жағдай. Ол — Украина, Еуропа және жалпы әлемнің мүддесіне сай келетін тірі, икемді құрылым.

Екінші құжат — қауіпсіздік кепілдіктері. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әскерилерімізден және олардың америкалық әріптестермен жүргізіп жатқан келіссөздерінен нақты ұсыныстарды күтіп отырмын. Мұның бәрі „қалағандар коалициясының“ қағидаттарымен үйлесуі қажет. Бұл туралы айту оңай емес, бірақ бәрібір көп ұзамай көресіздер. Қауіпсіздік кепілдіктері — біздің АҚШ-пен, сондай-ақ Еуропа елдерімен арадағы маңызды құжат.

Үшінші құжат — қалпына келтіру. Кейбіреулер мұны Украина экономикасын дамыту деп атайды, бірақ негізгі мәні — елді қалпына келтіру. Әрине, бұл жоба соғыс аяқталғаннан кейін немесе атыс-шабысты тоқтату жөнінде келісім жасалғаннан кейін жүзеге асатын болады. Біз бұл құжатты да дайындап жатырмыз», - деді Зеленский.
 

Тэгтер:

украина сайлау Зеленский соғыс