Ұлыбритания неофашист Дугинге, «Рыбарьға» және ресейлік насихатшыл БАҚ-ға санкция салды

10 желтоқсан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Ұлыбритания Қаржы министрлігі неофашист Александр Дугинді, Telegram-арна «Рыбарьдың» негізін қалаушы Михаил Звинчукты және ресейлік үгіт-насихатпен байланысты бес ұйымды санкциялық тізімге қосты. Олардың барлығының активтері бұғатталып, ел аумағында кез келген сенімгерлік қызмет көрсетуге тыйым салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тізімге Брюссельде тіркелген Euromore және «Голос» басылымдары, сондай-ақ Мәскеудегі бірқатар құрылымдар — Геосаяси сараптама орталығы, «Шетелдегі отандастардың құқықтарын қолдау және қорғау қоры» және «Рыбарь» ЖШҚ кірді. Ұлыбритания билігі бұл ұйымдардың Украинадағы жағдайды тұрақсыздандыруға қатысы бар немесе Ресей үкіметінің қолдауынан пайда көріп отыр деп есептейді.

Дугин Украина территориялық тұтастығы мен егемендігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге қатысы бар деген айыппен санкцияланды. Звинчук «Рыбарь» ЖШҚ бас директоры ретінде тізімге енді — Лондонның мәліметінше, бұл компания Украина төңірегіндегі жағдайды ушықтырумен айналысады. Санкцияға ілінген Геосаяси сараптама орталығына да дәл осындай айып тағылған.

Euromore мен «Голос» Украинаға қауіп төндіретін саясатты қолдағаны және Ресей үкіметімен байланысы үшін санкцияға ұшырады. «Правфонд» бұл басылымдарды қаржыландырып, Кремльге тәуелді болғаны үшін енгізілді.

Ұлыбританиядағы барлық қаржы институттарына аталған тұлғалар мен ұйымдардың есепшоттары мен активтерін бұғаттап, бұл туралы Қаржылық санкцияларды қолдану басқармасына хабарлау міндеттелді.
 

Тэгтер:

санкция Ұлыбритания Александр Дугин