Белгілі журналист Біләл Қуаныш "Тіл туралы" заңға енгізілген соңғы өзгерістерге қатысты өз ойын желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист бірнеше күн бұрын заңдағы қандай түзетулер енгізілгенін сұрап, әлеуметтік желі қолданушыларынан жауап күткенін, алайда нақты ақпарат табылмағанын жазған.
"Президенттің "Тіл туралы" заңға өзгеріс енгізгені хабарланды. Ол қандай өзгеріс? Кім біледі? Еш жерден таппадым..." деп екі күннің алдында Әлеуметтік желіде сұрау салғам. Бірақ ешқандай мардымды жауап болмады. Бүгін "ЖСДП" партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай мырза хабарласып, бұл заңға тек Ономастикалық комиссиялардың құзіретін екі пунктте кеңейту өзгерісі жасалғанын айтты. Ол Тіл заңының "25-1" бабы екен. Толықтыруда: "1-1) жеке білім беру ұйымдарының жеке тұлғалардың есімдерін беруді және олардың атауларын өзгертуді келісу;". Яғни енді жеке білім беру ұйымдары осы комиссиямен келісу арқылы адам атын беруге, өзгертуге міндеттеледі. Сондай-ақ осы баптың 3-пункітіне "Сондай-ақ жеке білім беру ұйымдарымен жеке тұлғалардың есімдерін беруді және олардың атын өзгертуді келісу" талабы қосылған.
Қарапайым тілмен айтсақ, енді жеке білім беру ұйымдары өз қалауымен, таңдауымен адам атын, тұлға атын өз ұйымдарына қоя алмайды. Ол үшін Ономастикалық комиссиялардың келісімін алуы міндетті. Өз басым "Голощекин", "Сталин" деген сияқты атаулардың қойылып кетпеуі үшін жасалған қадам деп түсіндім", – деп жазды Біләл Қуаныш.