Экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова жазасын қашаннан бастап өтейтіні белгілі болды

Бүгін, 14:21 / Ахмет Қанатұлы
Ulysmedia.kz коллажы

Бақытгүл Хаменованың жазасын қашан өтей бастайтыны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Азамат Ізтілеуовтің айтуынша, Хаменова бүгінде Атырау қалалық пробация қызметінің есебінде тұр.

"2022 жылғы 15 қарашада Атырау қалалық № 2 сотының үкімімен Бақытгүл Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде жазасын өтеу үш жылға кейінге қалдырылды", – деді департамент басшысы.

Шенеунік 2023 жылдың 10 наурызынан бері пробация есебінде.

"Жаза өтеу мерзімі 2026 жылғы 10 наурызда аяқталады. Сот үкімі бойынша ол бала тәрбиесімен айналысуға тиіс", – деді Ізтілеуов.

Оның сөзінше, кейінгі тәртіп ҚР ҚК-нің 74-бабы 3-бөлігіне сай сот шешімімен анықталады. 

"Жаза өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін пробация қызметі сотқа ұсыным жолдайды. Сот оның мінез-құлқына қарай жазадан босату, жазаны жеңіл жазаға ауыстыру немесе жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу жөнінде шешім қабылдайды", – деді Азамат Ізтілеуов.

Тэгтер:

Азамат Ізтілеуов Бақытгүл Хаменова пробация