Дональд Трамп АҚШ-тың Венесуэла жағалауында мұнай танкерін басып алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Ақ үйде берген сұхбатында: «Біз Венесуэла жағалауында үлкен, өте үлкен, тарихтағы ең ірі танкерді басып алдық. Бұдан басқа да оқиғалар болып жатыр, оларды кейін көріп, басқалармен сөйлесесіздер», — деді.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі санкциялық тізімде болуы мүмкін танкердің басып алынғанын хабарлаған еді. Reuters дерегінше, танкер АҚШ Қорғаныс жағалау басқармасы жетекшілік еткен операция барысында қолға түскен.
Соңғы апталарда АҚШ Венесуэла жағалауында әскери белсенділігін күшейтті. Бұл әрекеттерді ресми Вашингтон есірткі трафигімен күрес шарасы деп түсіндірсе, Каракас бұл әрекеттерді режимді ауыстырып, Венесуэла табиғи ресурстарына, ең алдымен мұнайына бақылау орнатуға бағытталған деп бағалайды.
Венесуэла мұнайы бойынша санкциялар енгізілген, алайда кейбір компаниялар, мысалы, АҚШ-тың Chevron компаниясы үшін ерекшеліктер бар. Chevron Венесуэланың бірнеше аймағында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік мұнай компаниясы Petroleos de Venezuela (PDVSA) компаниясымен бірлесіп жұмыс істейді.