Гуанчжоу–Алматы бағытымен ұшқан әуе рейсінің жолаушысы ұшу барысында ұшақ ішінде көз жұмды. Оқиғаға қатысты көліктегі полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полицияның мәліметінше, бұл дерек бойынша Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған.
«Алдын ала өлім себебі — созылмалы ауру. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», — делінген ақпаратта.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Бұл қайғылы жағдай туралы Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы да жазды.
«11 желтоқсанда Гуанчжоудан Алматыға ұшқан рейсте әйел қайтыс болды. Әр ұшақта алғашқы көмек көрсете алатын дәрігер болуы керек деп ойлаймын», — деп жазған қолданушы.
Ал пікірлерде марқұм онкологиялық аурумен ауырғаны айтылған.