Алматыдағы өнеркәсіп серпіні жылдан-жылға артып келеді

11 желтоқсан, 2025 / Arasha.kz

Президент биылғы Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа өндіріс ошақтарын ашу және экономиканы технологиялық жағынан жетілдіру – халықтың әл-ауқатын көтерудің ең пәрменді жолы екенін атап өткен еді. Әлеуметтік-экономикалық реформалардың мәні де осы: ел әлеуетін ұлғайту, мегаполистер мен өңірлердің дамуын теңестіру, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтардың өмір сапасын арттыру. Бұл стратегиялық бағыттар қағаз бетінде емес, нақты көрсеткіштер мен жүзеге асқан жобаларда көрініс тауып отыр. Соның жарқын мысалы – Алматы қаласының өнеркәсіптік серпіні.

2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Алматының өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,944 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 12,3 пайызға өсті. Бұл – мегаполистің тек қызмет көрсету саласына тәуелді емес екенін, керісінше өндіріс пен өңдеу секторын жаңа деңгейге көтере алғанын көрсетеді. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінің 13,7 пайыздық өсіммен жалпы шығарылымның 84,5 пайыздан астамын қамтамасыз етуі – қала экономикасының бағыты түбегейлі өзгергенін аңғартады. Мұнда машина жасау, химия, фармацевтика, сусын өндірісі, қағаз және ағаш бұйымдары сынды әртараптанған секторлардың үлесі ерекше.

Сала өкілдері өсімнің басты қозғаушысы ретінде ірі және орта өндіріс орындарының қарқынын, дилерлер, құрылыс компаниялары мен сауда желілерінен түскен тапсырыстың артуын атап өтеді. Яғни Алматыдағы экономикалық модель тұтыну сұранысы мен өндірістік қуаттың үйлесімділігін шебер біріктіріп отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі әрбір жаңа тапсырыс – жаңа жұмыс орны, жаңа технология, жергілікті контенттің артуы деген сөз.

Жыл басынан бері индустриялық аймақта және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 225,3 млрд теңге болатын сегіз жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 80,2 млрд теңгенің он жобасы пайдалануға берілмек. Мұндай белсенділік Алматының инвестициялық климатының тұрақты әрі тартымды екенін дәлелдейді. Индустриялық аймақта жалпы құны 655,8 млрд теңгеге бағаланған жүзден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Биылдың өзінде үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, шағын өнеркәсіптік парктер іске қосылды.

Ал «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы – Алматының инновациялық болашағын танытатын басты алаң. Мұнда цифрлық технологиялар, күн панельдері және медициналық жабдықтар өндірісі жолға қойылған. Бұл бағыттар Президент атап өткен жаңа индустрияға өтудің нақты мысалы болып отыр. Бүгінде IT-паркке 193 қатысушы тіркелген, олардың 126-сы экстерриториялық қызмет көрсетеді. Жалпы салынған инвестиция 258 млрд теңгеге жетсе, өндірілген өнім көлемі 1 трлн теңгені еңсерді. Экспорт 17,8 млрд теңге, салық түсімі 72 млрд теңге болып, 6 974 жұмыс орны ашылған.

Ұлттық деңгейде қабылданып жатқан реформалар мен Президент бастамалары Алматыда өзінің нақты нәтижесін көрсетуде: қала тек экономикалық орталық емес, индустриялық және технологиялық дамудың хабына айналып келеді. Өндірістің өсуі, ауқымды инвестициялар, жасалған инфрақұрылым, іске қосылған кәсіпорындар – мұның бәрі елдің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын білдіреді. Алматының жетістігі – мемлекеттің стратегиялық бағытының өміршеңдігін, реформалардың қоғам мен экономикаға нақты пайда әкеліп жатқанын дәлелдейтін мазмұнды көрсеткіш.

Қаладағы серпін Қазақстанның индустриялық әлеуетінің өскенін көрсетіп қана қоймайды, сондай-ақ жаңа экономиканың – инновация, технология және өңдеу өнеркәсібіне негізделген жаңа модельдің қалыптасып келе жатқанын айқын байқатады. Бұл үрдіс алдағы жылдары жалғасса, Алматы тек ішкі нарықты емес, аймақтық экспорттық орталыққа да айналу әлеуетіне ие.