Қонаевтың жеке күзет қызметін басқарған генерал Амангелді Шабдарбаев Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы күрделі қарым-қатынасқа қатысты бұрын беймәлім мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Генералдың айтуынша, екі саяси тұлғаның арасында Желтоқсан оқиғасына байланысты үлкен кикілжің туындаған.
Шабдарбаев сол күндерді былай деп еске алады:
"Горбачёв Қонаевқа телефон соғып, Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған сіз деп айтты. Мен дәл жанында тұрдым. Горбачёв: "Димаш Ахмедович, барлық із сізге апарады" деді. Ал Қонаев: "Михаил Сергеевич, мен емес, мен зейнетке кетіп барамын, оған қандай қатысым бар?" деп жауап берді. Телефонды қойған соң қатты ойға батып, алаңдап қалды", – дейді ол.
Генералдың сөзінше, Мәскеуге барған кезде Қонаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, кінәні басқа жақтан іздеу қажеттігін айтты.
"Ол кісі: "Мен емес, бұл үшін менің орныма таласқандардан сұраңдар" деді. Сол жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың атын атады. Осы сөз Назарбаевтың Қонаевқа деген ренішін күшейтті. Тіпті Қонаев қайтыс болғаннан кейін де оның есімін теледидарда айтқызбай, оқулықтарға енгізбей, жақсы пікір білдіруге мүмкіндік бермеді", – дейді Шабдарбаев.