Шығыс Қазақстан облысында спорт саласындағы бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шықты. Сот бес адамды кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Істің негізгі фигуранты — бұрын ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасында бухгалтер, кейін қысқа уақыт басшының міндетін атқарған Нұрғали Сыздықов. Ол аса ірі көлемде қаржы жымқыруды ұйымдастырды деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
27 жастағы Дамир Советхан 5 жылға, 39 жастағы Аида Тебисова мен 29 жастағы Айгерім Масалимова 7 жылға сотталды. Екі әйелге кәмелетке толмаған балаларына байланысты жазаны өтеу мерзімі кейінге шегерілді.
Тағы бір айыпталушы — спорт мектебі директорының орынбасары Лилия Рыбалкина қылмысқа көмектескені үшін 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Барлығына өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұған дейін бұл іс бойынша 80 млн теңге жымқырылғаны хабарланған.