Алматы – Астана рейсінде салонда түтін шығып, ұшақ шұғыл қонды

Бүгін, 09:11 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Алматы – Астана бағыты бойынша орындалған рейс кезінде салонда түтін пайда болуына байланысты экипаж MAYDAY дабылын жариялады. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«2025 жылғы 17 желтоқсанда сағат 07:38-де (Астана уақытымен) Алматы – Астана бағыты бойынша КС-851 тұрақты жолаушылар рейсін орындау барысында “Эйр Астана” АҚ пайдаланымындағы Airbus A321N EI-KDG әуе кемесімен авиациялық оқиға орын алды. “Қазаэронавигация” РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әуе кемесінің экипажы салонда түтін пайда болуына байланысты MAYDAY дабылын жариялады», – делінген хабарламада.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Ұшақ сағат 07:40-та қонды, одан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы әуежайының өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметінің бөлімшелері жұмылдырылды.

«Қазіргі уақытта көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері аталған авиациялық оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», – деп түйіндеді ведомство.
 

Тэгтер:

Ұшақ дабыл шұғыл қону