Мемлекеттік туды көлікке орналастырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды – Мәдениет министрлігі

18 желтоқсан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Мәдениет және ақпарат министрлігі Тәуелсіздік күні Мемлекеттік Туды көлікпен алып жүргендерді полицияның тоқтатуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу барысында әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын автокөліктерде пайдалану мәселесі кеңінен талқыланды.

Атап айтқанда, автокөлік сыртына Мемлекеттік Туды ілген азаматтарды жол-патрульдік полиция қызметкерлері түрлі себептермен тоқтатқаны жөнінде ақпараттар жарияланды.

«Мемлекеттік туды көлікке орналастырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен аймақтық полиция департаменттерінің түсіндіруінше, 16 желтоқсанда көлік жүргізушілері тек жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда ғана тоқтатылған. Мемлекеттік рәміздерді қолданудың заңмен белгіленген ережелері бар. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі олардың дұрыс қолдану тәртібін қадағалайды. Біз азаматтардың патриоттық сезімін білдіру, қазақстандық бірегейлікті сақтау, ел мен азаматтардың жетістіктерін насихаттау мақсатында мемлекеттік рәміздерді пайдалануды қолдаймыз, бірақ ол қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асуы тиіс», - деп мәлімдеді министрлік.  

Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидасы түрлі жағдайлар мен азаматтық белсенділікке қарамастан, барлығына бірдей.

Тэгтер:

ту тәуелсіздік күні айыппұл