Жетісу облысында Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйіне жүргізілген күрделі жөндеуге бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Жетісу облысы бойынша ҚМА департаменті Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуге бөлінген қаражатты жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр», — делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, 2020 жылы Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімі мердігер ұйыммен нысанды күрделі жөндеуге 753 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Шарт бойынша жұмыстар 2021 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болғанымен, нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.
Тергеу барысында бұрын қабылданып, актілер бойынша төленген жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны анықталған.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын 212 млн теңгеден асты. Күдіктілердің мүлкіне шектеу шаралары қолданылды.
«Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деп қорытындылады ҚМА.