2023 жылғы 24 ақпанда Darkhan Juzz атымен танылған қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбеков Таиландта жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан еді. Желіде әншінің тірі кезінде берген, өз тағдыры туралы айтқан сұхбаты қайта тарап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Kznews.kz жазуынша, сұхбатта музыкант өмірі мен болашағына қатысты ойымен ашық бөліскен. Оның айтуынша, бір кездері өзін ұзақ ғұмыр сүрмейтіндей сезінген.
"Мен өзімді 36-37 жасқа дейін ғана өмір сүретіндей елестететінмін. Бір қайғылы жағдайдан көз жұматын сияқтымын. Әуелі танымал боламын, сахнада жарқыраймын, содан кейін ғайып боламын деп ойлайтынмын. Бірақ уақыт өте келе бұл ойымнан бас тарттым. Бақытты өмір сүргім келді. Қартайып, немерелерімді көргім келді, жарқын болашаққа сенгім келді", – деген еді ол.
Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған соң, оқырмандар мен жанкүйерлер түрлі пікір қалдырды. Бірі әншінің сөзін алдын ала сезу деп бағаласа, енді бірі тағдырдың тылсымымен байланыстырды.
"Бәрін жүрегімен сезген екен", "Ерте кетті", "Тірі болғанда талай биікті бағындырар еді", "Жақсы сөз айтып жүру керек деген осы", – деп жазды жанкүйерлері.
Еске салайық, Darkhan Juzz 33 жасында Таиландта жол апатынан қаза тапты. Кейін Алматыда жүздеген адам Арбатта жиналып, гүл мен шам ұстап, оның әндерін орындап, марқұмның рухына тағзым еткен болатын. Дарханның ең танымал туындыларының бірі – Erikpe әні. Қазіргі таңда бұл шығарманы әнші YENLIK кеңінен орындап жүр.