Тыйым салынған: Мемлекет қарауындағы Ұлттық парктің жері қалай сатылымға шыққан? (ВИДЕО)

Бүгін, 10:28 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

Qazaqstan ұлттық арнасындағы Ashyq alan саяси ток-шоуында «Курорттық аймақ мәртебесі» деген тақырып көтерілді. Эфир барысында айтылған аса бір мәселеге көзіміз түсті. Ол Ұлттық парк қарамағындағы жердің сатылып жатқаны туралы ақпарат.

Эфирдің өзі өте маңызды тақырыпты көтеріп отырғанын бірден аңғармайсыз. Себебі «курорттық аймақ» түсінігі кімге керек, ол өзі шешіле беретін мәселе деп ойлап қалуыңыз мүмкін, бірақ олай емес екен. Өйткені «туристік аймақ», «демалыс орны», «курорттық аймақ» деген секілді түрлі ұғымдардың бір жүйеге түспеуінен елдің туризм саласы әлі ақсап келеді деуге болады.

Жүргізуші Ерқанат Көпжасар эфир кезінде арнайы видео көрсетіп, оны ашық әлеуметтік желіден алғанын айтады. Біз де айтылған мәселе бойынша ізденіп, ақыры эфирде берілген видеоның өзін таптық.

@realestate.kazakhstan деп тіркелген инстаграм әлеуметтік желісінде екі ғана видео жүктелген екен. Екеуі де бір видео. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын парақша екенін жазып та қойған әрі орналасқан жері ретінде Алматыны көрсеткен. Видеода сөйлеп тұрған азамат «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіндегі үйдің сатылатынын айтып жарнама жасайды. Кішкентай жер емес, 1,1 гектар болатын үй мен жерді сатуға қойған азаматтар «мемлекеттік ұлттық парктердің» қатаң бақылауда екенін, ондағы жерде сатуға болмайтынын ескермеді ме екен деген сұрақ туындайды.

Инстаграм әлеуметтік желісіндегі realestate.kazakhstan парақшасының скрині.

Ашық дереккөзде «Бурабай» ұлттық паркі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының қарауында деп жазылған. Бұл туралы продюсер Айзада Жексенбек те өзінің Facebook әлеуметтік желісінде көтеріп жазған.

«Менің айтпағым да басқа еді. Жасанды интеллект деген жарықтық маған жарнама жіберуін тоқтатпады. Сол жарнамаларды қарап отырып мынадай қызық дүниелерге тап болдым. Орман ағаштары арасында салынған неше түрлі қонақ үйлерден бөлек ат шаптырымдай аумақтардың, яғни жер телімдерінің сатылымда жүргендерін көрдім. Сонда қалай? «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын аумақ емес пе? Онсыз да ұзын қарағайлардың арасында бой тасалап салынып жатқан демалыс орындарын көріп жүрміз. Орманның ішінде ойып тұрып құрылыс жүргізіп жатқандар кім екенін тексеретін адам немесе орган бар ма? Ашық ақпарат көздерінде «Ұлттық парк Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының қарауында. Ұлттық парктің қорық аймақтары шегінде кез келген шаруашылық қызметке, рекреациялық пайдалануға тыйым салынады және қорық режиміне сәйкес режим қолданылады» делінген. Ал парктің негізгі міндеті – экожүйелердің, эталондық және бірегей табиғи кешендер мен объектілердің, тарих, мәдениет ескерткіштерінің және басқа да тарихи мұра объектілерінің тұтастығын сақтау, сондай-ақ оларды зерделеу, бұзылған табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен объектілерді қалпына келтіру», – деп жазады Айзада Жексенбек.

Ал эфирге келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тұмашинов ол жерлерді бұрын 49 жылға жалған алған болуы мүмкін, сондықтан сата алады, бірақ сату жер қатынасына қатысты жүреді. Ол жерде сатып алудан гөрі жалға қайта алу мәселесі маңызды деп пікір айтты.

Эфир барысында жүргізуші редакцияның жарнама таратып отырған парақшадағы нөмірге хабарласып, бағасын да біліп көрген екен. Онда аталған Ұлттық парктегі жерді 1 млрд теңгеге сатпақ болған, егер қолма-қола ақша болса 800 миллион теңгеге де беретіні айтады. 

Тэгтер:

жер бурабай жер сатылады туризм бурабай ұлттық паркі курорттық аймақ ашық алаң Айзада Жексенбек Ұлттық арна