Канадалық компания уранға байланысты Қазақстанмен қайта соттасуда

Бүгін, 11:43 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Канадалық World Wide Minerals Ltd (WWM) компаниясы Қазақстанға қарсы арбитраж тәртібімен дауды қайта қарау туралы хабарлама жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл – 1990 жылдардың ортасында WWM компаниясының Қазақстандағы уран өндіруге салған инвестицияларына қатысты арбитраждық істің үшінші кезеңі, деп жазды Orda.kz.

Бұған 2025 жылғы 28 ақпанда Англияның Жоғарғы соты шығарған шешім себеп болды. Ол кезде Лондон соты арбитраждың канадалық компанияға 54,5 млн доллар өтемақы төлеу туралы шешімінің күшін жойып, Қазақстанның ұстанымын қолдаған еді. Алайда WWM өкілдерінің айтуынша, сот екінші арбитраж шешімінің тек себеп-салдарлық байланыс пен залалды есептеу бөлігін ғана жойған, ал халықаралық құқықтың бұзылғаны жөніндегі тұжырымдарды қайта қарамаған.

«2019 жылғы қазанда шыққан бірінші арбитраж шешіміндегі Қазақстанның халықаралық құқықты және Канада – КСРО арасындағы екіжақты инвестициялық келісімді бұзғаны туралы қорытындылар міндетті күшін сақтайды және қайта қарауға жатпайды», – деп мәлімдеді компания.

WWM президенті әрі бас директоры Энн Мари Кэрроллдің айтуынша, компания оқиғалардан кейін шамамен 30 жыл өткен соң арбитражға қайта жүгінуге мәжбүр болып отыр. Оның сөзінше, заңбұзушылықты екі арбитраж растаған, алайда Қазақстан бұл қорытындыларды әлі де даулауда. Үшінші арбитраж істі трибуналдың жаңа құрамы қарайды.

Қазақстан мен World Wide Minerals Ltd арасындағы дау 1990 жылдардың соңында басталған. Ол кезде компания мен ҚР үкіметі арасында инвестициялар туралы келісім болған.
 

Тэгтер:

сот уран Канадалық компания World Wide Minerals Ltd