Айға белгісіз нысанның соғылған сәті видеоға түсіп қалды

Бүгін, 12:33 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Ирландиядағы Арма обсерваториясы мен планетарийінің (AOP) астрономдары Айға нысан соғылған кезде пайда болған жарқылды тарихта бірінші рет видеоға түсіріп алғандарын айтуда, деп хабарлайды Arasha.kz.

Видеодан Айдың қараңғы тұсындағы қысқа ғана жарқылды байқауға болады. Бұл – шағын метеороидтың Ай бетіне келіп соғылған сәті.

Арма обсерваториясы мен планетарийінің сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл құбылыс AOP аумағында орналасқан Арма (ART) роботтандырылған телескопы арқылы тіркелген.

Ай бетіндегі соққыдан туындайтын мұндай жарқылдар – өте сирек кездесетін құбылыс. Оларды көбіне Ай кометалар мен астероидтардан қалған сынықтардың ішінен өтетін кезде, яғни ірі метеор ағындары кезінде ғана байқауға болады.

Астрономдардың болжамына сәйкес, бұл жолғы соққыға 4-20 желтоқсан аралығында жалғасатын Геминид метеорлар ағыны себеп болуы мүмкін. Дегенмен, нақты себебі әлі зерттелу үстінде.

«Мұндай жарқылды тудыратын нысандар әдетте өте кішкентай, көбіне гольф добынан да кіші болады және тым көмескі болғандықтан, оларды ғарыштан телескоппен көру қиын. Олар Айға өте жоғары жылдамдықпен (бұл жағдайда шамамен 35 км/с деп бағалануда) соғылған кезде, кинетикалық энергия лезде жылу мен жарыққа айналады. Бұл соққы тиген жердегі заттарды қысқа уақытқа буландырып, Жерден көрінетін жарқыл тудырады. Ай бетіндегі мұндай жарқылдар әдетте секундың ширегіндей ғана уақытқа созылатындықтан, оларды анықтау қиынға соғады», – деп атап өтті ғалымдар.

AOP деректеріне сүйенсек, бұл – Ирландия аумағынан байқалған және тіркелген алғашқы «Ай жарқылы».

Ал әзірге ғалымдар Айға қауіпті болуы мүмкін деп танылған 2024 YR4 астероидын бақылауда.
 

Тэгтер:

нысан Ғалам ай