«Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» көптомдық академиялық басылымының редакция алқасы «Қазақ хандығы» деп аталатын 4-томды бекітті. Қазақ хандығының тарихы алғаш рет көптомдық тарихи жинақта бөлек том әрі біртұтас іргелі еңбек ретінде қарастырылып отыр.
Қазақ хандығының отандық тарих ғылымындағы маңызы зор. Бұл – ұлттық тарихымыздың ең негізгі кезеңі. 4-томда қазақ мемлекеттілігінің бірнеше ғасырға жалғасқан қалыптасу, даму, гүлдену кезеңдері толық қамтылған.
Археологиялық және мұрағаттық деректерге объективті ғылыми талдау жасаған авторлар Қазақ хандығының біртұтас саяси, құқықтық және әлеуметтік-мәдени кеңістік болғанын тұжырымдамалық тұрғыда дәлелдеді.
Отандық ғылымда алғаш рет Қазақ хандығының хронологиялық аясы кеңейтілді. Алғаш рет барлық қазақ хандарының билік құрған кезеңдері жүйелі түрде айқындалды.
Сұлтандардың, билердің, батырлардың ішкі тұрақтылықты нығайтудағы, қорғанысты ұйымдастырудағы, дипломатиялық қызметтегі, құқықтық дәстүрлерді дамытудағы рөлі көрсетілді.
Томды әзірлеу барысында ғылыми айналымға алғаш рет енгізілген жазба деректер, құжаттар мен жәдігерлер пайдаланылды. Құнды мұралар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Венгрия, Италия, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Жапония, Швейцария, Швеция және басқа да елдердің архив қорларынан табылған.
Жалпы, 4-томға барлығы жаңадан анықталған 187 сирек құжат енгізілді, олардың 180-і шетелдің архив қорларынан алынған.
4-томның авторлар ұжымына белгілі академик Меруерт Әбусейітова жетекшілік етті. Басылымды үйлестіру жұмысымен академик Зиябек Қабылдинов айналысты. Рецензенттер – тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты Күлгазира Балтабаеваның, «Қазақ тарихи қоғамының» басқарма төрағасы Радик Темірғалиевтің сіңірген еңбегін жоғары бағалаймыз. Редакция алқасының басқа да мүшелері тарапынан маңызды әрі орынды ескертулер мен ұсыныстар айтылды.
Редакция алқасы Қазақ хандығына арналған томның қолжазбасын бірауыздан бекітіп, баспаға әзірлеу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ 5-томның қолжазбасын талқылады.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.