Астанада NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу, олардың әлеуетін ашу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүзеге асырылып келе жатқан "Astana Жас Жігер" жобасы өз нәтижесін беріп отыр. 2025 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елордада 15-34 жас аралығындағы жастардың 6,2 пайызы, яғни шамамен 28 мыңға жуық азамат NEET санатына жатады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Аталған санаттағы жастарды назардан тыс қалдырмау – бүгінгі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты. Осы мақсатта 2022 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан "Astana Жас Жігер" жобасы елордадағы базарларда еңбек ететін жастар мен фрилансерлерге бағытталған. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жастарды әлеуметтендіру және оларды пайдалы бастамаларға тарту.
Қараша айында бастау алған жоба аясында NEET санатындағы жастар арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Астана қаласындағы "Орталық", "Астаналық", "Әсем", "Сарыарқа" және "Орда" базарларынан жасақталған командалар топтық кезең мен плей-офф арқылы өзара мықтыны анықтады. Барлығы 10 команда қатысқан додада "Zigi Zagi" командасы жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді. Ал "Бүркіт" пен "Достар" командалары жүлделі екінші және үшінші орындарды қанжығасына байлады.
"Шағын футбол бәсекесіне 10 команда қатысып, нәтижесінде "Zigi Zagi" командасы топ жарса, "Бүркіт" пен "Достар" ұжымы үздік үштіктің қатарына кірді. Олар медаль және теледидар, шаңсорғыш, құлаққап сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды. 2022 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп жатқан жобамызға қатысқысы келетіндердің қарасы көп. Осы арқылы біз арнайы білімі мен тұрақты жұмысы жоқ жастарға мемлекеттік бағдарламаны таныстырып, қызметке орналасуына атсалысамыз», – деді "Астана жастары" жастар ресурстық орталығының жастар бастамаларын қолдау бөлімінің маманы Дәуіржан Жұмахан.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен қатар теледидар, шаңсорғыш, құлаққап секілді бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұл – жастардың спорт арқылы бірігіп, өз мүмкіндігін көрсетуге дайын екенін аңғартады.
Айта кету керек, биылғы бағдарлама аясында NEET санатындағы жастар шағын футболмен ғана шектелмей, волейбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерінде де бақ сынады. Сонымен қатар уақытша түзету мекемесінде отырған жастар арасында армрестлинг, гір тасын көтеру, арқан тарту жарыстары ұйымдастырылды.