Бүгін қазақ өнерінің тау тұлғасы Асанәлі Әшімов дүниеден озды. 88 жасқа қараған шағында ақтық демі үзіліп, бұл өмірден кете барды. Тұтас дәуір көшті, саф өнердің өлкесі алыстады. Осындай дара тұлғаны елі шынайы егіліп, жоқтап жатыр, деп жазады Arasha.kz.
"Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады", – деп көңіл айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
***
"Асанәлі Әшімұлы – актер ғана емес, тұтас бір актерлік мектеп жасаған тұлға. Жас әртістерге сахна әдебі, мамандыққа адалдық, ұлттық рух пен жауапкершіліктің мәнін үйретті. Әуезов театры оның өмірлік тағдырына, ал Өзі болса – театрдың тарихына айналды. Бүгін қара шаңырақ Театрда бір дәуірдің шамы сөнді, үні өшті. Дегенмен Өнер барда Асанәлі Әшімұлының рухы, сахнада қалдырған ізі мен ұстаздық мұрасы мәңгі жасай берері хақ... Бақұл бол, Ұлы Актер, бақұл бол, қадірлі әріптес", – делінген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының жазбасында.
***
"Бар ғұмырын қазақ театры мен кино өнерінің өсіп-өркендеуіне арнап, соңында соны соқпақ, өшпес із қалдырды. Көптеген талантты жасқа қолдау көрсетіп, үлгі-өнеге болды. Асылдардың көзіндей, алыптардың сөзіндей болған өнер қайраткерінің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Рухы пейіште шалқысын", – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
***
"Қай ғасыр, қай кезеңде де есімі өзінің халқымен біртұтасып кеткен заңғар тұлғалар болады. Ұлт руханиятына қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен Асанәлі Әшімов өмірден өтті дегенге сенер алар емеспіз. Жаратушы Иеміздің жарлығына амал қайсы... "Алаштың Асанәлісі" деп алақанына салған халқымызға, Бағдат жеңгемізге, кішкентай Асанәлі бауырымызға, барша Әшімовтер әулетіне қайғырып көңіл айтамыз", – деп жазды режиссер Асхат Маемиров.
***
"Иә, "Қыз-Жібек" киносы сән-салтанатымен, даңқымен қазақ даласын дүбірлетіп жібергенде көшеде кездесіп қалған кемпірлер кинодағыдай Бекежанның бетіне түкіргені талай жазылды. Бұл нағыз образды ойып тұрып күшті сомдай білгеннің өмірдегі көркем көрінісі еді… Өз рөлін керемет шынайы орындағаны сонша, кейде маған Асекең Бекежан рөлін емес, өзін ойнағандай көрінеді. Кеше ғана Асекеңнің бір сұқбатын көзім шалып қалып еді – "Қыз Жібек" киносына түскендерден Меруерт екеуміз ғана қалдық. Мәдиім мен Сағиымды сағындым" деген. Енді міне Асекеңнің өзі де бақи дүниеге бағыт алды", – деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
***
"Асанәлі ағамыздың әрбір рөлі – тарих, әрбір сөзі – аманат, әрбір ісі – өшпес өнеге еді. Қазақ өнері біртуар тұлғасынан айырылып, елінің қабырғасы қайысып тұр", – деп жазды дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.
***
"Жыл басында Дулат ағамызбен қоштастық. Бүгін Асанәлі ақсақалдан айырылдық. Тұтас дәуір көшіп кеткендей. Қазақ өнерінің алып бәйтерегі, бақұл болыңыз! Қош, аға", – деп жазды Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
***
"Қазақ руханиятының бір дәуірі үнсіз ғана еңсесін түсірді. Тағдырлы тау тұлға құлады – бірақ оның биіктігі құлаған жоқ. Сахнада да, экранда да ол адам тағдырын сөйлетті, ұрпаққа ар-намыс пен мінездің өлшемін қалдырды. Дауысы – елдің жадында, бейнесі – халықтың жүрегінде", – деді режиссер Сәбит Әбдіхалықов.
***
"Бүгін қазақ өнері орны толмас қазаға ұшырады. Сахнаның ұлы майталманы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, режиссер әрі актер Асанәлі Әшімов дүниеден озды. Артында қалған мол мұрасы – келер ұрпаққа аманат, баға жетпес рухани қазына. Оның өнері – кәсібилік пен талғамның, биік рух пен шынайылықтың асқақ шыңы. Қазақ еліне, марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Жарық жұлдызыңыз сөнбейді, өнеріңіз мәңгі жасайды. Бақұл болыңыз, сахнаның алып аңызы", – деп жазды әнші Төреғали Төреәлі.
***
"Бір дәуір өтті. Киноның аңызы еді. Өте өкінішті, бұл – үлкен қайғы. Қайғырып көңіл айтамыз. Асанәлі Әшімов біз үшін үлгі, ұстаз, әріптес, дос болды… өте өкінішті. Туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", – деді актер Санжар Мәди.