Ингушетияда ингуш халқының Қазақстанға сталиндік депортациясы туралы фильмді көрсетуге тыйым салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәселе 1944 жылы ингуш халқының депортациясы туралы «Хат» атты көркем фильм жайында болып отыр.
Фильмнің түсірілімі 2021 жылы басталған. Оған Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі қаржы бөлген. Алайда Украинаға басып кіруден кейін кеңестік кезең тарихын ақтау белсенді түрде жүргізіліп, фильм билікке ұнамсыз деп танылды.
Картина кең прокатқа шыққан жоқ. Дегенмен авторлар фильм Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде көрсетіледі деп үміттенеді. Бұл өңірлерде ингуштардың ірі диаспорасы тұрады.
Еске сала кетейік, 1944 жылғы ақпанда «Чечевица» операциясы барысында ингуштар мен шешендер Сібір мен Орталық Азияға күштеп көшірілді. Тұтас халықтар гитлершілерге көмектесті деп айыпталды. Адамдарды санаулы сағаттың ішінде тауар таситын вагондарға тиеп, қақаған аязда алыс аймақтарға жөнелтті. Мыңдаған адам бұл жолдан аман өтпеді. Суық вагондарда ең алдымен балалар мен қарттар үсіп қаза тапты.