Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үйлестіруімен Алматы қаласының полициясы каннабис тобына қатысты өңіраралық қылмыстық топтың заңсыз әрекеттерін әшкереледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Топ аса ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдау, сақтау және өткізуімен айналысқан. Алматы мен Астана қалаларында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында бірнеше тұлға ұсталып, тінту барысында есірткі заттары мен ақшалай қаражат тәркіленді, сондай-ақ тыйым салынған заттарды жасырын сақтауға арналған орындар анықталды.
Сот сараптамасы бойынша тәркіленген гашиштің жалпы салмағы 16 келіден асып, аса ірі мөлшерге жатады.
Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, бұл қылмыстар қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіреді.
Полиция тасымалдаудан бастап өткізуді қоса алғанда, қылмыстық тізбектің барлық буынын анықтау мен жолын кесуге басымдық береді. Бақылау жұмыстары жүйелі түрде күшейтіліп, тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде.