"Маған Халық әртісі берілгенде байым қуанған жоқ": Мақпал Жүнісова ел естімеген құпиясын ашты (ВИДЕО)

Бүгін, 11:36 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі әнші Мақпал Жүнісованың өнердегі орны ешқашан жеке өмірімен өлшенбеуі тиіс екенін айтып, көпшілікте айтылып жүрген пікірлерге өз көзқарасын білдірді, деп Arasha.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовке тұрмысқа шықпаса да, бәрібір халық әртісі атағын алып, мемлекеттік сыйлыққа ие болар еді. Себебі ол – табиғатынан әнші болып жаратылған, дауысы мен болмысы бөлек, сирек талант.

"Мақпал Жүнісова – тағдырлы әнші. Ол Заманбек Нұрқаділовке тұрмысқа шықпаса да, халық әртісі болар еді, мемлекеттік сыйлықты алар еді. "Мақпал Жүнісова мемлекеттік сыйлықты Заманбек Нұрқаділовтің арқасында алды" деп айту – қате. Мақпал Алладан әнші болып туған адам. Оның әнін керең естиді, соқыр көреді, мылқау түсінеді", – деді композитор.

Бұл пікірге әншінің өзі де әлеуметтік желіде жауап берді. Мақпал Жүнісованың жазуынша, халық әртісі атағы берілген сәтте жұбайы аса қуаныш білдірмегенімен, кейін оның өнерін шынайы мойындап, жоғары баға бергені жүрегіне ерекше жылу сыйлаған.

"Қалдыбек жақсы нүкте қойыпсыз! Аузы қышығандар бар, әлі де маған дайрекке жазатын, бірақ ондайларға жауап беруге де құлқым жоқ. Бір айтарым ғана бар – маған Халық әртісі берілгенде байым қуанған жоқ… Бірақ кейіннен менің әншілігімді мойындадым деп үлкен баға бергеніне мен қатты қуандым", – деп жазды Мақпал Жүнісова.

Желі қолданушылары да бұл ойларды қолдап, Мақпал Жүнісованың өнері халықтың жүрегінде әлдеқашан дәлелденгенін атап өтті. Көпшілік оны "бір ғасырда бір туатын аңыз әнші", "халықтың нағыз қазынасы", "өз атағы өзіне жететін дара тұлға" деп бағалады.

Тэгтер:

мақпал жүнісова Қалдыбек Құрманәлі