Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов суицид жасады. Оның мәйіті 20 желтоқсан күні кешкі сағат тоғыз шамасында табылды. Шенеунік 46 жаста болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бейресми ақпарат бойынша, оқиға болған күні ол достарымен кездескен. Аудандық әкімдік бұл қаралы хабарды растады. Далмағамбетовтың артында екі некесінен алты баласы қалды, деп жазды Orda.kz.
«Мәйіті үйінен табылды. Қазір жан-жақты тексеру жүріп жатыр. Оның балалары қалды», — деді Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов.
Еркін Далмағамбетов Темір қаласының әкімі болып өткен жылдың маусым айында тағайындалған еді. Оған дейін мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған.
«Оқиғаның мән-жайы анықталуда, тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Алға ауданында Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталин де өз-өзіне қол жұмсамақ болған еді.