Алаяқтар астаналық әйелге марқұм әкесінің атынан сәлемдеме жібермек болған

Бүгін, 13:02 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Алаяқтар Астана тұрғынына «сіздің атыңызға сәлемдеме келді» деп хабарласып, оны алдауға тырысқан. Алайда олар жіберуші ретінде әйелдің осыдан көп жыл бұрын қайтыс болған әкесінің есімін атаған, деп хабарлайды Arasha.kz  киберполицияға сілтеме жасап.

Астана қалалық киберполициясы өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында елорда тұрғыны жазып алған видеороликті жариялады. Роликке ирониямен «Көктен келген сәлемдеме» деген айдар тағылған.

Видео кадрларынан әйелдің бір ер адаммен сөйлесіп тұрғанын көруге болады. Ол әйелдің атына сәлемдеме жіберілгенін бірнеше мәрте қайталап айтады. Тіпті жіберушінің аты-жөнін нық сеніммен атап, сәлемдеме үшін ештеңе төлеудің қажеті жоқ екенін баса айтқан.

Алайда әңгіме барысында астаналық әйел шындықтың бетін ашты: қоңырау шалған адам оның осыдан 9 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің атын атаған.

«Мен сізге әкемнің қайтыс болғаны туралы куәлікті көрсете аламын. Біреуді алдамас бұрын, сол адамның тірі не өлі екенін тексеріп алсаңыздар қайтеді? Оның өлгеніне 9 жыл болды! Мұндай әрекеттеріңіз үшін ұялуларыңыз керек!» — деді астаналық тұрғын алаяқтарға.
 

Тэгтер:

алаяқ Киберқауіпсіздік сәлемдеме