Мәскеу маңындағы Одинцово ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты мектепке шабуыл жасаған жасөспірімге қосымша айыптар тағылуы ықтимал. Алайда күдіктінің кәмелет жасына толмағаны ескеріліп, сот тағайындайтын жаза мерзімі он жылдан аспауы мүмкін. Бұл туралы адвокат Вадим Багатурия мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазіргі уақытта тергеу органдары «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Адвокаттың айтуынша, егер тергеу барысында кепілге адам алу немесе қолдан жасалған жарылғыш зат дайындау деректері расталса, айыптау баптары кеңейтілуі мүмкін.
"Қылмыстан кейін жасөспірім күзетшіге шабуыл жасап, бір адамды кепілге алғаны айтылып отыр. Бұл – қосымша айып. Ал егер жарылғыш құрылғы жасағаны дәлелденсе, жарылғыш заттарды заңсыз дайындау және сақтау бабымен іс толықтырылуы ықтимал", – деп түсіндірді адвокат.
Соған қарамастан, заңгер күдіктінің жасы негізгі фактор болатынын атап өтті. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты жаза мерзімі, әдетте, тоғыз–он жылдан аспайды.
"Ол жасөспірім болғандықтан, он жылдан артық жаза тағайындалмайды. Сонымен қатар жеңілдететін мән-жайлар да ескерілуі мүмкін", – деді Багатурия.
Сондай-ақ адвокат сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде күдікті есі дұрыс емес деп танылса, оны мәжбүрлі емдеуге жіберу мүмкіндігі де бар екенін айтты. Кінәлі тұлғаның әрекетіне соңғы құқықтық баға мен нақты жаза көлемін сот барлық дәлелдерге сүйене отырып анықтайды.